БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Құрманғазы аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде әр салада жұмыс жасап жүрген белсенді жастарды жыл қорытындысымен «Жас дарын -2017» сыйлығымен марапаттау салтанаты өтті. Салтанатты шарада алғашқы сөз аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Бақтияр Бахитовке берілді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын көптеген бағыттарды жастарға жеткізіп, оның жүзеге асуы үшін, соның ішінде латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы дәріптеліп, тарихи орындармен таныстыру, рухани, мәдени құндылықтарды насихаттау жұмыстары қолға алынды.

Оған қоса әр салада қызмет етіп жүрген белсенді жастардан құрылған «Құрманғазы жастары» командасы «Атырау» телеарнасындағы жаңа бағдарлама «Интеллектуалдар академиясы» тележобасына қатысып, бақ сынап, «Армата» мейрамханасында өткен суперфиналда Алғыс хатпен марапатталды, – дей келе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының Алғыс хатымен белсенді жастарымыз Рүстем Тоқаевты, Бибігүл Жанұзақованы, Гүлден Еспанованы,Мая Рысқалиеваны, Гүлжанар Өтеулиеваны ұлығылады.
Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы Шаяхметов Құрманғазы өңірінің жастары қандай салада да ауданымыздың мерейін көтеріп жүргенін, үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін, шет елдерде білім алып жатырғанын айтты. Бүгінгі жастардың Тәуелсіз мемлекетіміздің, ертеңгі қоғамымыздың қайраткерлеріне, ел басқаратын, үлкен қызметтер атқаратын азаматтарына айналатынына сенім білдірді. Ата-бабаларымыздан мұраға қалған, ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы мүжілетін кең даламызды қорғап, дамытатынын жеткізді. Одан әрі аудан басшысы Құрманғазы агротехникалық колледжінің директоры Болатбек Өтегеновті «Жастармен жұмыс жасаған үздік мемлекеттік мекеме», «Қазақстан-Атырау» телеарнасының ауданымыздағы меншікті тілшісі, дарынды журналист Ақмоншақ Садыхованы «Үздік жас журналист», білікті дәрігер Жұлдыз Төлемісованы «Үздік денсаулық сақтау қызметкері», Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетінің 2 курс студенті, оқу орынындағы «Жас ақындар» ұйымының жетекшісі, «Жарқыл» өлеңдер кітабының авторы Еркеназ Қалижанды «Үздік жас әдебиетші», қайырымдылық акцияларына белсене атсалысып жүрген жеке кәсіпкер Ерлан Нұрбаевты «Үздік жас кәсіпкер», облыстық «Қазақтың келіндері-ай» сайысының ІІІ орын иегері, аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің әдіскері Динара Ғатауованы «Үздік жас мәдениет қызметкері», Құрманғазы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің кіші аяқ добынан жаттықтырушысы, облыстық турнирде «Үздік қорғаушы» атанған Мейрам Шакуповты «Үздік жас спортшы», Шортанбай орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Марида Құрманғазиеваны «Үздік жас ұстаз», аудандық ХҚКО-ның маманы Асқарбек Дәулетті «Үздік жас қызметкер», Халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жинағында ғылыми мақалалары жарық көрген жас ғалым Саяхат Қарекенованы «Үздік жас көшбасшы -2017» аталымдарымен ұлығылады.


Жарияланды: 16.01.201812:50

Автор: