«ДЕНІ САУ ҚАРТТЫҚ»

Кең сарайдай жайлы мекен – аудан орталығындағы «Ардагерлер үйіне» жиналғандардың бұл күнгі талқылаған тақырыбы ең бір көкейкесті мәселе – денсаулық болатын. Басқосуда алғаш болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиев ҚР ардагерлері орталық кеңесінің бастамасымен өмірге келген «Дені сау қарттық» бағдарламасы жасы ұлғайғандардың арасында аурудың алдын алу, аурушаңдықты азайтудың шараларын ұйымдастыру, салауатты өмір салтын, спортты насихаттау жұмыстарын жолға қоюды көздеп отырғанын айтты.

Аудандық емхана дәрігері Г.В.Чаплыгина үлкендер арасында жиі кездесетін ауру түрлеріне тоқтала келіп, қан қысымы, жүрек қан тамырлары сырқаттарынан сақтанудың, ауыра қалғандағы алғашқы әрекеттер жасаудың кейбір тиімді жақтарын кеңес ретінде түсіндірді. Емхана медбикесі А.Ғапуова қан қысымын өлшетемін деп тілек білдірушілерге көмек қолын созды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының медбикесі А.Жакупова жиналғандар назарына әртүрлі ауруларға арналған санитарлық бюллетеньдер ұсынып, сырқаттар жайында және олардан сақтанудың сырлары туралы түсінік беретін бетшелер үлестірді. Ұзақ жыл денсаулық саласында қызмет жасаған ардагер Е.Досмұхамбетов, Ганюшкин ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Жармұхамбетов сөз сөйлеп, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Одан соң ардагерлер аудандық дене шынықтыру және спорт кешеніне барды. Зәулім залды кім қанша айналып жүгіре алатын қабілеттеріне қарай, біреулері кәдімгідей қарыштай басып, ширай адымдап, кейбірі қоянбүлкілге қанағат тұтып, талпыныс танытты. Қалай десек те, бұл күні бәрі де қимыл-қарекет қажеттігіне ой беркітіп, бой сергітіп қайтты.


Жарияланды: 18.05.201912:54

Автор: