«Денсаулық алауы»

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай «Астанаға – 20 жыл» ұранымен және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың 2018-2020 жылдарға арналған «Саламатты өмір салты жылы» кешенді өңірлік іс-шарасын жүзеге асыру мақсатында ауданымызда «Денсаулық алауы» эстафетасы өтті.

Махамбет ауданынан жеткізілген алауды ұстаған бір топ қонақтар аудандық музейден «Тәуелсіздік» алаңына дейін жүгіріп өтті. Олардың қасына спорттық киімдерін киген оқушылар бірге ілесті. Алауды ұстаған эстафетаға қатысушыларды алаңнан аудан әкімі Бибоз Шаяхметов бастаған зиялы қауым өкілдері мен мекеме қызметкерлері қошеметпен қарсы алды. Махамбет ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Нұрлан Қалиев 26 мамырда бастау алған эстафетаны күй өңіріне табыстағалы отырғандарын қаперлеп, шараға сәттілік тілеп, алауды салтанатты түрде Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаевқа ұсынды. Оны қабылдап алған Ө.Тәжібаев «еліміз өркендей берсін, ұлтымыздың денсаулығы мықты болсын, халқымыздың маңдайына әрдайым бейбіт аспан астында өмір сүру жазсын» деген ақ тілекпенен алауды тұтату рәсімін жасады. Аудандық орталық аурухана емхана бөлімшесінің дәрігер-эксперті Сағидолла Кулов, Имашев жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Мерген Ғайниев жылы лебіздерін жолдап, жастарды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
«Денсаулық факелі» одан әрі исатайлықтарға тапсыру-қабылдап алу шарасынан соң Индер, Қызылқоға, Жылыой, Мақат аудандарына жеткізіледі. Мақаттан 9 маусым күні Атырау қаласына әкелініп, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа табысталады. Бәсі биік бәсекенің құрметіне арналған «Денсаулық алауын» алып жүруге біздің ауданнан 30 адам қатысады деп күтілуде.
Шара барысында Н.Исаев, Қ.Хасанов, Р.Сәрсенова, А.Бердешова сынды аудандық өнерпаздар әуезді әндерін шырқаса, «Наз» бишілер тобы мен денсаулық саласы қызметкерлері флешмобтарын ұсынды. Жиналған көпшілік аудандық дене шынықтыру және спорт кешенінде тәрбиеленіп жатқан бір топ балғындардың таеквондодан спорттық көрсетілімін тамашалады.


Жарияланды: 06.06.201810:37

Автор: